14 наурыз күні БҚИТУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, түркітанушы ғалым, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Сабыр Мұрат Бөкенбайұлы «Ұлыстын ұлы күні – көрісу айтынан басталады» тақырыбында университетіміздің студенттеріне дәріс оқыды.
Шараның негізгі мақсаты: студенттерге ұлттық тәлім-тәрбие беру., өз ұлтының салт-дәстүрлерін ұстанып, қадірлеуге тәрбиелеу.
«Көрісу айты» Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облысының кей аудандарында, Қарақалпақстан, Түркіменстан қазақтарында, Ресей Федерациясының Саратов, Самара, Орынбор, Астрахан аймақтарында сақталған. Негізінен, ұлттық нақыштағы жаңа жылдың бастауы ретінде қабылданады. Наурыз айының 14-іне тура келеді.
Халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді. Көрісудің басты белгісінің бірі ретінде: адамдар өзара қос қолын ұсынып, содан кейін төс түйістіре құшақтасып амандасады. Яғни өкпе-реніш атаулы түгел тарқап, кешірім үстемдік құрады. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Өкпешіл болма, кешірімшіл бол», «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қазақтың мақал-мәтелдері көрісу айты сынды ұстанымдардан қалыптасқанына сенесің. Өйткені наурыздың осы күндері бүкіл дүние жаңырады. Дәріс барысында студенттердің тарапынан қойылған сұрақтарға (Көрісу айты қандай мейрам? Оны кімдер тойлайды? Көрісудің қандай түрлері бар? Көрісу айтына қандай дайындықтар жүргіземіз?) лектор толық жауап берді.
Ұйымдастыру және тәрбие бөлімі
