2026 жылғы 30 қазан мен 1 қараша аралығында Үндістанның Бангалор қаласында каратэден балалар, кадеттер, жасөспірімдер, ересектер және ардагерлер арасында XVI WKC әлем чемпионаты өтті.
Дүбірлі додада жеңіс тұғырынан көрініп, әлем чемпионы атанған Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Габдуллин Габдулланы университет ұжымы әуежайдан зор құрметпен қарсы алды.
Чемпионды қарсы алу рәсіміне университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры А.И.Абекешев, «Жаратылыстану-ғылыми пәндер» кафедрасының оқытушылары мен студенттері қатысты. Жиналған қауым жас спортшыны айтулы жеңісімен құттықтап, ыстық ықыластары мен ізгі тілектерін білдірді.
Габдулла Габдуллиннің бұл жеңісі – табандылықтың, қажырлы еңбектің және биік мақсатқа деген берік ұмтылыстың жемісі. Оның әлемдік додадағы жарқын жетістігі – университетіміздің ғана емес, еліміздің де мерейін асқақтатқан зор мақтаныш.
Әлем чемпионын айтулы жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда да жеңіс тұғырынан көрініп, Қазақстанның көк байрағын биікте желбірете беруіне тілектеспіз!



