2025 жылдың 19-наурызында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Білім және менеджмент институтына қарасты шетел тілдері және аударма ісі кафедрасының оқытушылары мен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) компаниясының өкілдері арасында ресми кездесу ұйымдастырылды.
Кездесу барысында КПО компаниясының кадрлармен қамтамасыз ету және еңбек ресурстарын жоспарлау бөлімінің бастығы Альбина Киндербаева, жұмысқа қабылдау жөніндегі жетекші маман Дамира Есқалиева, аударма қызметін көрсету бөлімінің менеджері Алмаз Асқар және үш тілді аға аудармашы Тілекқабыл Есполов студенттік практика бағдарламасының мазмұны мен талаптарын таныстырды.
Аталған бағдарлама аясында 6В02301–Аударма ісі білім беру бағдарламасының студенттері өндірістік тәжірибеден өту барысында кәсіби дағдыларын жетілдіріп, болашақ мамандықтары бойынша құнды тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болады. Кездесу барысында КПО және шет тілдері және аударма ісі кафедрасы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері де талқыланды.
Сонымен қатар, студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіру мақсатында білім беру бағдарламасына жұмсақ дағдыларды (soft skills) дамытуға бағытталған арнайы курстар енгізу мүмкіндігі қарастырылды.
Өткен кездесу Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті мен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және студенттердің кәсіби даярлығын жетілдіруге бағытталған маңызды қадам болды. КПО өкілдері ұсынған ақпарат студенттердің өндірістік тәжірибеден өту үдерісін жүйелі түрде ұйымдастыруға және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Осылайша, университет пен өндіріс арасындағы өзара әрекеттестікті одан әрі дамыту жоғары білікті аударма мамандарын даярлаудың маңызды алғышарты болып табылады.
