27 қаңтар күні Тамбов мемлекеттік техникалық университеті мен Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті өкілдерінің іскерлік кездесуі өтті. Кездесу білім беру және ғылыми салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелеріне арналды.

Іс-шараға ТМТУ-нің Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институты директорының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Назаров Виктор Николаевич, БҚИТУ-нің энергетика, автоматтандыру және есептеу техникасы кафедрасының меңгерушісі Утешева Гульнара Шаукатовна, сондай-ақ аға оқытушылар Буранова Нурслу Ғалымовна мен Ғайнешова Айсулу Меңдібайқызы қатысты.

Кездесу барысында «Автоматтандыру және басқару» және «Есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер» бағыттары бойынша ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Атап айтқанда, бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлеу, біліктілікті арттыру және қосымша кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыру, бірлескен оқу-әдістемелік және ғылыми жұмысты дамыту, сондай-ақ білім алушылар мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы мәселелері қарастырылды.

Қатысушылар білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңартуға, мамандар даярлау сапасын арттыруға және кәсіби дамуға арналған мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған жоғары оқу орындары арасындағы жүйелі өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар білім беру және ғылым саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыру және ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растады.

 

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz