Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің педагогика және психология кафедрасы 6В01201–Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу білім беру бағдарламасын жүзеге асыру аясында қоғамдық бірлестіктермен бірлескен шаралар ұйымдастырып келеді.
Кафедра облыстық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігімен «Ұлттық тәлім-тәрбие беруге бағытталған мектепке дейінгі ұйымдардың жаңашыл келбеті» тақырыбында ғылыми жобаны іске асыру туралы ынтымақтастық келісім жасаған болатын.
Жобаның мақсаты – мектепке дейінгі ұйымдардағы ұлттық негіздегі тәрбие беру ісін дамыту және қазақ ұлттық құндылықтарын жас ұрпақтың санасына сіңіру, балаларды қазақтың салт-дәстүріне баулу. Аталған келісім аясында 2025 жылдың 26-наурызында Батыс Қазақстан облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленетін бүлдіршіндерге арналған «Бала тілі – бал» облыстық байқауын ұйымдастырды. Байқауда әділқазылар құрамында кафедраның қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Р.С.Кинжекова төрелік етті. Байқау балалардың тілін, ой-қиялын, есте сақтау қабілетін дамытуға негізделген бағдарлама ережелеріне сәйкес өткізілді. Сайыс нәтижелері аталған білім беру бағдарламасында тіл дамыту, сөйлеу мәдениетін, коммуникативтік дағдыларды, баланың зияткерлік, әлеуметтік дағдыларын және тұлғасын дамыту үшін инновациялық әдістерді оқу процесінде жетілдірудің бағытын анықтауға мүмкіндік берді.

