Ашық есік күні – бұл ерекше және маңызды іс – шара, оның басты мақсаты -оқушылар мен олардың ата-аналарын университетпен таныстыру және болашақ мамандық пен оқу бағдарламасын таңдауда білікті ақпараттық қолдау көрсету.
БҚИТУ салалық технологиялар институтында 2024 жылдың 23 қыркүйектен 09 қазанға дейін Орал қаласы мектептерінің түлектері үшін, сондай-ақ жақын маңдағы кенттерден келген мектеп оқушылары үшін күн сайын кәсіптік бағдар беру жұмысы бойынша Ашық есік күні өткізіледі.
Іс-шараға салалық технологиялар институтының құрылтайшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Бозымова Айгүл Қазыбайқызы қатысты.
Ашық есік күні салалық технологиялар институтының директоры т.ғ.к., профессор Билашев Бауыржан Әкімжанұлының құттықтау сөзімен басталды.
Кәсіптік бағдар беру жұмысы және қабылдау бөлімінің басшысы А.Н. Жұбантаева ҰБТ тапсырудағы жаңалықтар туралы айтып берді, сондай-ақ оқушыларға салалық технологиялар институтында дайындық жүргізіліп жатқан білім беру бағдарламалары туралы түсіндірді, ал кәсіптік бағдар беру және қабылдау бөлімінің жетекші маманы К.К. Жәнияров университетке түсу ережелерін түсіндірді. Белсенді студенттер өз жетістіктері мен қызметтің түрлі салаларындағы еңбектері туралы баяндады. Іс-шара жергілікті эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламамен жалғасты.
Бұл іс – шараға қатысу – университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен, әкімшілік бөлімшелерімен, БҚИТУ студенттерімен танысуға және барлық сұрақтарға жауап алуға тамаша мүмкіндік.





