2025 жылдың 29 қазанында БҚИТУ Салалық технологиялар институты АКТ залында БҚО полиция департаменті қызметкерлерінің қатысуымен 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында «Көлік және технологиялар», «Мұнай-газ инженериясы», «Энергетика, автоматтандыру және есептеу техникасы» кафедраларының 6В07201, 6В11301, 6В07101,6В07102, 6В06104, 6В07104, 6В07105 білім беру бағдарламасы бойынша оқитын 2,3,4 курс студенттерімен кездесу өткізілді. Іс-шараға кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы, топ эдвайзерлері және студенттер қатысып, полиция қызметкерлері халыққа арналған Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндірді.

Кездесудің модераторы – СТИ комплаенс-офицері, запастағы полиция полковнигі, заң ғылымдарының кандидаты, «Құқық» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Рахметов Талгат Хасанович шараны ашып, қонақтарды таныстырды: БҚО бойынша полиция департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Бисен Ернар Базарбайұлы; БҚО бойынша полиция департаментінің киберқұқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Шуиншалиев Олжас Әлібекұлы; жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Утегенов Алишер Нурланович және Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция подполковнигі Тугелов Багдат Аманжолович.

Өз сөзінде Т. Х. Рахметов бұл шараның студенттер арасында құқықтық мәдениетті нығайтуға, парасаттылық пен адалдық қағидаттарын насихаттауға, заң мен қоғамдық тәртіпке деген құрметті қалыптастыруға, сондай-ақ құқықбұзушылыққа қарсы төзімсіз ұстанымды дамытуға бағытталған маңызды іс-шара екенін атап өтті.

Жергілікті полиция қызметінің өкілі А.Н. Утегенов өз сөзінде ҚР Әкімшілік кодексінің 434-2-бабының талаптарына сәйкес қоғамдық орындарда темекі шегу, қоқыс тастау және былапыт сөздер айту сияқты ұсақ бұзақылық түрлеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Ол аталған құқық бұзушылықтар үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 40 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту сияқты санкциялар көзделгенін атап өтті. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзу, белгіленбеген жерлерден өту және қоғамдық тәртіпке әсер ететін басқа да құқық бұзушылықтар жайында сөз қозғады.

Баяндамасында полиция қызметкері жасөспірімдер мен студенттер арасында құқық бұзушылықтың өсу статистикасын және нақты мысалдарын келтірді. Сонымен қатар ол “ҚР-да құқық бұзушылықтың алдын алу туралы” жаңа заң жобасында құқық бұзушылықтың жолын кесуге белсенді қатысатын азаматтарды ынталандырудың жаңа түрлері қарастырылғанын айтты. Шара барысында тақырыпқа байланысты бейнеролик те көрсетілді.

Киберқұқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры О.Ә. Шуиншалиев өз сөзінде жастар арасында теріс әрекеттердің таралуына тоқталып, осы жылдың қыркүйек айынан бастап ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген жаңа 232-1-бап жайында баяндады. Аталған бап киберқылмыстар үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Сондай-ақ ол интернет-алаяқтардың әрекет ету тәсілдеріне нақты мысалдар келтіріп, азаматтардың алаяқтық схемалардан қалай сақтануға болатынын түсіндірді. 

Сөз соңында «Көлік және технологиялар» кафедрасының техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры Оқас Қожабереген өз өмірлік және кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, білім алушыларды еңбексүйгіш, адал және әділ болуға үндеді. Сондай-ақ ол студенттерге БҚИТУ-дың Академиялық адалдық және Ар-намыс кодексі ережелерін, заң талаптарын қатаң сақтап, өз қатарластары арасында осы құндылықтарды насихаттауға шақырды.

Шараны қорытындылай келе модератор Рахметов Т.Х. «Көлік және технологиялар», «Мұнай-газ инженериясы», сондай-ақ «Энергетика, автоматтандыру және есептеу техникасы» кафедраларының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері атынан полиция қызметкерлеріне іс-шараға белсенді қатысқандары үшін ризашылығын білдіріп, олардың қызметтеріне сәттілік тілеп, жоғары оқу орнымызбен өзара тиімді ынтымақтастықтың одан әрі дамуына сенім білдірді.

 

Мекен-жай
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 208
    reception@wkitu.kz