Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің академиялық ұтқырлығы жоспарына сәйкес, аталмыш университетке тарих ғылымдарының докторы, Германиядағы Бонн университетінің Шығыстану және Азия зерттеулері институтының профессоры Нұрлан Кенжеахмет келді.
Көне түркі жазуының маманы студенттер мен магистранттарға көне түркі кезеңінен бастап, Алтын Ордаға дейінгі тарихтан дәріс оқуда. Дәріс барысында Нұрлан Кенжеахмет тарихты зерттеу үшін де уақытың мол, ойың еркін болуы керек екенін айтып, Германияда Гумбольдт және Герда Хенкел сынды екі қордың қаржыландыруымен 4 жыл тарихты зерттегенін жеткізді. Ол алғашқы екі жылда Орталық Азияның тарихи географиясын, соңғы екі жылда Орталық Азиядағы Қазақ хандығы, Шайбанид мемлекеті және Моғолстан туралы зерттеулер жүргізген.
2011 жылы «Қытайдың Юань және Минь патшалығы тұсында жасалған карталардағы Еуразия» деген тақырып бойынша Гумбольдт қорына өтініш жолдадым. Бұлар дереу шақыртты. Төрт әйгілі ғалым (Ресей, Қытай, Жапония, Германия) менің зерттеуіммен, бағыт-бағдарыммен танысты. Содан бері осы бағыт бойынша Германияда зерттеу жүргізіп жатқан жай бар. Жалпы, Германия дамыған ел ғой. Тарихты таразылауда экономиканың рөлі де өте зор. Тарихқа көзқарасы, ұстанымы, нақтылығы жағынан бұрыннан мықты болып тұр. Ғылымның қай саласында болсын жетекшілік дәрежеде. Олар өз тарихын түбегейлі зерттеп, ақырғы нұсқасын жасап қойған. Әлемдік ғылымға жетекшілік ету, әлем елдерінің тарихына қатысты шешім жасау – бір есептен өзіне тәуелді кепке түсіру деуге келеді. Әлем тарихында көшпенділер дәуірі деп аталатын дәуір бар. Аталмыш дәуір сонау ғұн-түрік заманынан Шыңғысхан-Әмір Темір заманына дейін әлемді бағындыру, асқан әскери өнері, мықты қару-жарағы, салт атты сарбаздары, дамыған ауыз әдебиеті сияқтыларымен ерекшеленеді, – дейді Нұрлан Кенжеахмет.
