2025 жылғы 3 қараша күні университетте «ӨЗ ҚҰҚЫҒЫҢДЫ БІЛ ЖӘНЕ ҚОРҒА!» атты өңірлік форум-ойын өтті. Іс-шара Батыс Қазақстан облысының Әділет департаменті мен университеттің ынтымақтастық туралы меморандумы аясында бірлесіп ұйымдастырылды.
Форумның басты мақсаты — студенттік жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, зияткерлік меншік, цифрлық және жасанды интеллект (AI) құқығы саласындағы білімдерін дамыту, сондай-ақ заманауи цифрлық қоғамда өз құқықтарын қорғау мәдениетін қалыптастыру болды.
Форумға Салалық технологиялар институтының, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Білім беру және менеджмент институтының және Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық технологиялар университетінің төрт студенттік командасы қатысты.
Форум интерактивті форматта өтіп, бірнеше кезеңнен тұрды:
- AI-Сот — жасанды интеллектті қолдана отырып сот процесін модельдеу;
- QR-Кейс — QR-кодтар арқылы ашылатын құқықтық тапсырмаларды шешу;
- Құқықтық блиц — құқықтық тақырыптағы сұрақ-жауаптар сериясы;
- Медиа-дебаттар — «Құқық және жасанды интеллект: сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» тақырыбында пікірталас.
Қатысушылардың жұмысын Әділет департаментінің, сот органдарының, прокуратураның, адвокатураның, Экономикалық тергеулер департаментінің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының және облыс әкімдігінің өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады.
Форум қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды:
- Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық технологиялар университетінің «Ақпарат сақшылары» командасы — «Үздік құқықтық команда» номинациясына ие болды;
- Салалық технологиялар институтының «Заң қырандары» командасы — «Үздік презентация және командалық рух» номинациясымен марапатталды;
- М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «JustTeam» командасы — «Үздік медиа-қорғаушы» номинациясын иеленді;
- Білім беру және менеджмент институтының «Фемида» командасы — «Ең инновациялық шешім» номинациясымен ерекшеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Форум құқықтық ой-сананы қалыптастырудың, тәжірибе алмасудың және жастар мен өңірдің құқық қорғау институттары арасындағы әріптестікті нығайтудың маңызды алаңына айналды.





