Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Маркетинг және жоғары оқуға дейінгі дайындық басқармасының мамандары №41 мектеп-лицейінде өткізілген «Мамандықтар жәрмеңкесінде» кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізді. Аталған іс-шара оқушыларға болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауға көмектесу және жоғары оқу орындары туралы толық ақпарат беру мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында университет ұсынатын білім беру бағдарламалары кеңінен таныстырылды. Оқушыларға әр түрлі бағыттағы мамандықтар, олардың ерекшеліктері, оқу процесінің мазмұны және болашақтағы мансаптық мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет берілді. Сонымен қатар, талапкерлерге грант мүмкіндіктері, оқу ақысына берілетін жеңілдіктер, академиялық ұтқырлық бағдарламалары және тәжірибеден өту мүмкіндіктері жайлы да айтылды.
Университет өкілдері әр оқушының қызығушылығына қарай бағыт-бағдар беріп, мамандық таңдауда маңызды кеңестер ұсынды. Мұндай кездесулер жастардың болашаққа деген көзқарасын қалыптастырып, өз қабілеттерін дұрыс бағалауға мүмкіндік береді.