Биылғы жылдың ең айшықты оқиғасы болған, Елордамыз Астанадағы EXPO – 2017 көрмесіне тамыз айының алғашқы күндерінде Батыс Қазақстан облысының делегациясы құрамында Батыс Қазақстан инновациялық – технологиялық университетінің еріктілері аттанды.
Тілдер және менеджмент факультетінен жіберілген барлық еріктілер үш тілді еркін меңгерген, білімді, қоғамдық жұмыстарда, еріктілік қызметте тәжірибелері бар белсенді студенттер: Мендешова Әсел, Қосдаулетова Айсулу, Чампалов Сергей, Даулетбаева Әсел, Елеуов Мақсат, Тасмуханбетова Айда.
Үлкен іріктеуден, екі жылдық дайындық: арнаулы курстар, тренингтер мен семинарлардан өткен біздің студенттеріміз, бүгінде көрменің жұмысына етене кірісіп, өз үлестерін қосып жатыр. Бұл өте қызық әрі жауапты жұмыс. Еріктілердің бірқатары көрме аймағында адамдар легін бағыттап тұрса, екіншілері келушілердің билеттерін тексеріп, адамдарға көмектеседі; қызметкерлерге медициналық қызметте көмектесіп, көлік еріктілері тұрақтардағы көліктер легін реттеп, бағыттап отырады. Одан басқа осы көрменің ұйымдастырылуы аясындағы кешенді шараларға, концерттерге қатысады.
Бүгінгі күнге дейін көптеген шаралардың ұйымдастыруына қатысқан еріктілер өз әсерлерін айтып жеткізе алмайды. Ал біз өз кезегімізде Еліміздің ең айтулы оқиғасында өз үлестерін қосып жатқан студенттерімізге сәттіліктер тілейміз!









