Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Салалық технологиялар институты Құқық кафедрасының студенттері Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Болашақ тергеушілер» республикалық форумына қатысты.
Еліміздің әр өңірінен 100 студент қатысқан форумға, 6В04202-Құқықтану білім беру бағдарламасының студентері қосылып, құқық қорғау органдарының қызметімен, заманауи криминалистикалық технологиялармен және тергеу қызметінің практикалық ерекшеліктерімен танысты.
Форум басталар алдында Қазақстан Республикасы ІІМ Тергеу департаментінің қызметкерлері студенттерге криминалистикалық сараптамалар жүргізілетін зертханаларды таныстырып, қылмыстарды ашу мен тергеп-тексеруде қолданылатын заманауи техникалық құралдар, атыс қарулары және арнайы жабдықтар туралы ақпарат берді. Бұл таныстыру болашақ заңгерлердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік жасады.
Республикалық форумды ҚР-сы Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры С.Ә.Адилов ашып, студенттерге құрмет білдірді. Сондай-ақ Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы А. Кулбаева жастарды сапалы білім алуға және кәсіби біліктіліктерін үнемі жетілдіруге шақырды.
ҚР-сы ІІМ ардагері, қазіргі уақытта адвокаттық қызметпен айналысатын Г.Новаева тергеу саласындағы 17 жылдық тәжірибесімен бөлісіп, құқық саласында кәсіби дамудың кең мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Ал, ММА бойынша әлем чемпионы, жаттықтырушы В.Тахтай мен қазақстандық күш иесі, әлем рекордшысы С.Цырульников табысқа жетудегі еңбекқорлық, табандылық, тәртіп пен жауапкершіліктің маңызы туралы ой қозғады.
Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаменттің бастығы, полиция полковнигі О.Мырзабеков ішкі істер органдарына қызметке қабылдану талаптарын түсіндірсе, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы, полиция полковнигі А.Жүсіпов жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелеріне тоқталды.
Форум Ұлттық ұланның шығармашылық ұжымының өнер көрсетуімен және Қ.Баекеновтің «Формат» тобының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Аталған форум БҚИТУ студенттері үшін кәсіби тәжірибе жинақтаудың, құқық қорғау органдарының қызметімен жақынырақ танысудың және болашақ мамандыққа деген жауапкершілікті арттырудың маңызды мүмкіндігі болды. Мұндай іс-шаралар студенттердің кәсіби дүниетанымын кеңейтіп, теориялық білімін практикалық тәжірибемен ұштастыруға және білікті заңгер ретінде қалыптасуына ықпал етеді.


