2025 жылдың 26-қыркүйегінде Батыс Қазақстан инновациялық–технологиялық университетінің ұйымдастыруымен  көрнекті ағартушы, ойшыл, ақын, жазушы Ғұмар Қараштың туғанына 150 жыл толуына арналған «Ұлттық рухты нығайтқан сөз шебері: Ғұмар Қараштың мәдени-тарихи келбеті» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Ауқымды шараны Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Батыс Қазақстан инновациялық–технологиялық университеті бірлесе ұйымдастырды.

Ғылыми конференция барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген белгілі ғалымдар, әдебиеттанушылар, тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері бас қосып, Ғұмар Қараштың шығармашылық, ағартушылық және қоғамдық қызметін жан-жақты талқылады. Шараны БҚИТУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы М.Б. Сабыр жүргізді. 

Алматы, Астана, Қызылорда қалаларынан арнайы шақырылған тарихшылар мен әдебиет зерттеушілері Ғұмар Қараштың ағартушылық қызметі мен шығармаларындағы ұлттық идеяның көрінісі, қоғамдық көзқарасы, тілдік-көркемдік ерекшеліктері туралы мазмұнды баяндамалар жасады. Зерттеушілер оның өлеңдері мен публицистикалық еңбектеріндегі ұлттық рухты, азаттық пен білімге үндейтін идеяларды терең талдап көрсетті.

Конференция аясында Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Ж.Ахметов сөз сөйлеп, Ғұмар Қараштың мерейтойына орай өңірде өткізілген ауқымды мәдени-танымдық іс-шаралар легі туралы баяндады. Сонымен қатар, ол конференцияға қатысқан ғалымдар мен әдебиет өкілдеріне осы айтулы датаға арнайы дайындалған төсбелгілер мен мерекелік медальдарды салтанатты түрде табыстады.

Конференция соңында қатысушылар ел руханиятының дамуына зор үлес қосқан Ғұмар Қараштың есімін ұлықтау, оның еңбектерін болашақ ұрпаққа кеңінен насихаттау қажеттігін атап өтті.

Мекен-жай
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 208
    reception@wkitu.kz