2022 жылдың 27-қаңтарында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы оздырылғаны мәлім. Отырыс барысында еліміздегі білім мен ғылым саласы қамтитын барлық дерлік бағыттағы атқарылған істер, қол жеткізілген жетістіктер мен ағымдағы өзекті мәселелер шоғырын шешуге арналған міндеттер ауқымы кең көлемде қозғалды.
Төл тіліміз – қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына ондаған жыл өтсе де, осы мәртебесіне сай құрмет пен қолданысқа әлі де ие бола алмай келе жатқандығы ел азаматтарының қай-қайсының да алаңдаушылығын туғызып келе жатқаны мәлім. Тіл тағдырына бей-жай қарамайтын ел азаматтарының осынау мәжіліске үміт күте сүзілгені жасырын емес. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған игі шаралар шеңберінен осы мемлекеттік тілге деген жаңа бір жылы лептің, соны көзқарастың орын алғаны жанымызға жаққанын несіне жасырайық? Президенттің тікелей тапсырмасымен төл министрлігіміз аталмыш бағытта бірқатар ауқымды істерді жоспарлап отырғандығы көңіл қуантады. Соның ішінде қолға алынғалы тұрған игі істердің заман ағымына сай екендігін бас айтқым келеді. Заманауи өмірдің интернет желісімен сабақтаса өрбіп жатқандығын ескерсек, «Qazgramma» көпфункционалды кешенінің іске қосылуы, қазақ тіліндегі мәтінді дыбыстық енгізу қосымшаларының, «Қазақ сөзі» мобильді қосымшасының қолға тиюі, оларға қазақ тіліндегі дыбыстарды тану қызметінің енгізілуі, «Сөздік қор» порталының ашылып, балаларға арналған мобильді ойын қосымшаларының күнделікті өмірге енуі жасы бар, жасамысы бар барлық ел тұрғындарының ана тілімізге, оның мол қазынасына, бай әлеміне енуіне септігін тигізер оң қадам болары айдан анық.
Ендеше, осынау атанда жүкті алып жүрер азаматтарымызға сәттілік тілеп, барша әріптестерді аталмыш игі істерді барынша қолдауға шақырамын.
БҚИТУ қауымдастырылған профессоры А.С. Муханбеткалиев