Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде аталмыш оқу орнының  педагогика факультетінің деканы, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Баян Жұмақаеваның 70 жасқа толуына орай іс-шара өтті.

Аталған университеттің педагогика факультетінің ұйымдастыруымен өткен жиынға БҚИТУ құрылтайшылары Тұяқбай Зейтұлы, Ләззат Тұқбайқызы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Баян Шынтемірова мен мерей той иесінің әріптестері, дос-жарандары және БҚО ҚХА-ның төрағасының бірінші орынбасары Ғайса Қапақов қатысты.

Шарада алдымен Баян Сабырқызының жүріп өткен өмір жолынан сыр шертетін бейнебаян көрсетілді. Мұнан соң Тұяқбай Зейтұлы, Ләззат Тұқбайқызы Баян Шынтемірова ақжарма тілектерін арнады.

– Қайбыр жылы БҒМ министрлігінің талабымен Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен жеке дара бөлініп шыққанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Сол университеттің қабырғасында қаланғанымыз да көпке мәлім. Айтайын дегеніміз – сол кезде университеттің болашағы болады деген сөзімізге сеніп, істеп жатқан жұмысын тастап, жаңа инновациялық бағыттағы оқу орынын құруға септігін тигізген осы Баян Сабырқызы болатын. Сондықтан университеттің аяғынан нық тұрып кетуіне бұл кісінің еңбегі орасан зор десек артық айтқанымыз емес. Енді бүгінгі басқосуға себепкер болған мерейлі 70 жасыңыз ғой. Жеке меншік мерекеңізбен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз. Мынау қызылды-жасылды дүниеде көрер қызығыңыз көп болсын, – деген олар туған күн иесіне гүл шоғы мен естелік сыйлықтарын табыс етті.

Шара барысында сондай-ақ әріптестерімен қатар достары, облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары Ғайса Қапақов игі тілектерін жеткізіп, сый-сияпаттарын берді.

Айта кетейік, Баян Сабырқызы университет қабырғасында талай жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жандардың бірі. Ол шәкірттерге білім беру жолында саналы ғұмырын арнаған жан екенін қашан да мақтанышпен айтуға болады.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz