29-30 қараша күндері әйгілі жазушы, Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына орай Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы және «Егемен Қазақстан» газеті АҚ ұйымдастыруымен «Әбіш әлемі» атты оқу конгресі мен шығармашылық байқауы өткен еді.
Жазушының саналуан тақырыптағы шығармалары мен еңбектерін қайта оқып, зерделей түсу арқылы оның санқырлы талантына тағзым ету және оны әлем жұртшылығына таныту мақсатында өткен байқауға 311 адам қатысқан. Сол байқауда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің аға оқытушысы Талап Таймасұлы бақ сынап, «Әбіш – абыз, әулие» аталымына ие болды.
- «Әбіш әлемі» конгрес, шығармашылық байқауына шетелдерден де өкілдер қатысты. Жалпы, аталмыш байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қаламгер қырын көрсету үлгісінде бірнеше стильде көрме жасалған. Көздері нашар көретін жандарға арнап, 20 томдық таңдаулы шығармалары брайлю қарпінде жарыққа шыққан екен. «Ұйқыдағы арудың оянуы» публицистикалық кітабының желісі бойынша түсірілген деректі фильм де сәтті шыққан. Біздің облыстан менен бөлек Ақұштап Бақтыгереева мен Дәулеткерей Атауұлы эссе жанры бойынша жеңімпаз болды, – дейді Талап Таймасұлы.