Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің тілдер және менеджмент факультетінің білім нәрімен сусындаған түлектері үлкен өмірге жолдама алды. Жоғары оқу орнын бітіріп отырған бұл түлектердің де арманы асқақ. Биылғы бітіруші түлектерге арналған «Диплом табыстау» мәртебесі үлкен мерекелік салтанатпен өтті.
Бұл күннің жүректерде жатталып қалары сөзсіз. Үлкен өмірге жолдама алып отырған жастардың жанарынан өз мамандығына деген кәсіби көзқарас, ұшқын байқалады. Университет студенттерінің жұлдызды шеруінің өзінен-ақ, олардың биік мақсатқа өрлеп келе жатқанын сөзсіз жүрекпен ұғып, ерекше қимастықпен қарадық.
Салтанатты жиында университет түлектерін құттықтап келген БҚИТУ ректоры экономика ғылымдарының докторы, профессор Р.С. Габдуалиева түлектерге ізгі тілектерін айтып, ең белсенді түлектерді атап өтті және үздік дипломдарды табыстады.
Тілдер және менеджмет факультетінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Ж.Ж.Жұмаев факультетте дәстүрге айналған «Үздік түлек -2018» номинациясын университет қабырғасында студенттік ректорлық қызметті атқарған, ғылыми конференциялардың, олимпиада жеңімпазы, халықаралық форумлардың қатысушысы, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының түлегі Джанболатов Нұрболат Әлібекұлына табыстады.
Тағы бір ерекше толқынысты сәт, бітіруші түлектер атынан Абдрахманов Дархан, Джумагазиев Әділхан, Рахимов Қадырбектің ата-аналар мен ұстаздарға айтқан алғыстары мен тілектері болды. Сонымен қатар олар осы мамандық аясында өте терең білім алғандықтарын, сондай-ақ осы факультетте студенттердің білім алуларына барлық мүмкіндік толығымен жасалғанын айтып өтті.
Салтанатты кеште Джумагазиев Әділхан, Нұрғалиева Айкөркем, Байбақты Дәулетжан және басқа да түлектер өз өнерлерін көрсетіп, ерекше көңіл-күй сыйлады. Содан кейін кештің ең көрікті сәті «Университет бітіру туралы» диплом құжатын тапсыру рәсімімен жалғасын тапты.
Бұл шынында да қуанышты сәт. Ешқашан ұмытылмайтын, естен кетпейтін шақ. Алар орны да, мағынасы да өте терең. «Қашан диплом алатын күнге жетер екенбіз!»,-деген жүрек дүрсілінің қуанышты қауышқан сәті.
Біз барша қарлығаштарымыздың әлі талай биіктің белестерінен көрінеді деген сенімдеміз, жолдарыңыз болсын – түлектер!






