Сабыр Мұрат Бөкенбайұлы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, түркітанушы, шығыстанушы, қазақ, орыс, араб, түрік тілдерін еркін меңгерген, 6 оқу құралы, 5 монографияның, 300-ден астам ғылыми мақаланың авторы, орта түркі дәуірінде араб әрпімен оғыз-қыпшақ, қыпшақ-оғыз тілінде жазылған ортағасырлық жазба мұраларды, қазақ тілінің тарихы, тарихи лексикология, этнолингвистика мәселелерін зерттеумен айналысады. «Жоғары оқу орының үздік оқытушысы» грантының екі мәрте иегері (2007, 2012). Болашақ бағдарламасы бойынша халықаралық степендияның иегері болып (2011ж), Түркиядағы Мармара университетінің Түркітану ғылыми-зерттеу институтында ғылыми тағылымдамадан өткен.
Мұрат Бөкенбайұлының АР 19679282 «Орта ғасыр жазба ескерткіштері тілі – рухани, мәдени құндылықтар әлемі» жобасы «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер» бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңесінің 2023 жылдың 14 шілдесіндегі шешімімен қаржыландыруға мақұлданды.
Ғылыми жоба жетекшісі мен зерттеу тобын және Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ұжымын құттықтаймыз! Ғылыми жобаны жүзеге асыруда жемісті еңбек пен мол табыс тілейміз!
