Бүгін Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті мен Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің ұйымдастыруымен «Жаһанша оқулары» аясында «Қазақ зиялылары ұлттық тәуелсіздік жолында: ХХ ғасырдың бірінші ширегі » атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған БҚО әкімінің орынбасары Серік Егізбаев, Халықаралық «Қазақ тілі» ұйымы РФ филиалының және Орынбор «Достық» үйі қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сәуле Таикешева, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылыми академиясының корреспондент мүшесі Берекет Кәрібаев пен аталмыш университеттің профессоры, заң ғылымдарының докторы  Шолпан Забих, тарих ғылымдарының докторы,  академик Тұяқбай Рысбеков, басқа да ғалымдар және оқытушылар қатысты.

Конференцияға келген қонақтар алдымен аталмыш театрдың фойесінде  алаш арыстары мен БҚИТУ-дың профессор, оқытушыларының еңбектері қойылған кітап көрмесін көрді.

Бұдан кейін жиын пленарлық отырыспен жалғасты. Жиында  облыс әкімінің орынбасары Серік Рахметтоллаұлы келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, алаш зиялыларын бүгінгі жас ұрпақ ұмытпас үшін осындай  жиындарды жиі ұйымдастыру қажеттігін айтты. Оқуда озат бірқатар студентке Жаһанша Досмұхамедов атындағы атаулы шәкіртақыны табыстады.

Ғылыми конференциядағы алғашқы «Ораз Исаев – мемлекет және қоғам қайраткері» тақырыбындағы баяндаманы тарих ғылымдарының докторы, академик Тұяқбай Рысбеков жасады.

  • Аса қадірлі, бүгінгі конференцияға келген қонақтар, барлықтарыңызды төл мерекеміз тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздікке жету жолында қаншама арыстарымыз жанын бергенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Солардың ішінде 39 жасында әзиз басы оққа байланып кете барған аяулы азамат, есімін ерекше айтуға тиіс, ол – Ораз Исаев. Ораз Исаев 1899 жылы, 18 сәуірде қазіргі Ақжайық ауданы, Ілбішін ауданы, Көнеккеткен ауылында  қарапайым  отбасында дүниеге келді.  ХХ ғасырдың қайғы-қасіретке толы жылдарында халқын ашаршылықтан арашалап, бостандық, теңдік алып берем деп құрбан болған тарихи тұлғалардың бірегейі. Оның қоғамдық-саяси қызметі, іскерлігі елдің жадында мәңгі сақталады. Ұлт тағдыры таразыға түскен кезеңдерде қара басын қатерге тігіп, қарашаның қамын ойлаған ердің есімі ешқашан ұмытылмайды. Ораз Исаев – жалшы-кедей жанұя­сын­да бес баланың үлкені болған. Тағ­дырдың сыйы шығар – бала Ораз алдағы ғұмыры мен биік лауазымды қызметіне еркін жараған білімнің негізін ауылдың мектебінен алады. 1908-1915 жылдар аралығында әуе­лі, Өріктал-Жұбанышкөл бір клас­тық орыс-қырғыз (училище деп те атай­ды) школын, кейін Көнеккет­кеннен Есенсай ауылына қарай 9 ша­қырым жердегі Қарасу-Шал­қар екі кластық орыс-қырғыз шко­лын өте жақсы оқып, тамамдайды. Бұл екі мектептің оқуы жалпы но­байы 7 жылдық білімге келіңкірей­тін­діктен, Ораз орыс-қазақ тілде­ріне жүйрік, сол кездің сауатты жаста­рының бірі болып шығады. Айтпақ­шы, бұл оқуларына дейін Ораз бес жасынан бастап, төрт қыс қатары­нан ауыл молдасынан тіл сынды­рып, сауатын ашқанын да айта ке­тейік. Әкесі Жанұзақ күн­көрістің қамымен қандай жұмыстан да қаш­паған. Қолы шебер, өте ең­бек­қор жан болғандықтан, орыстың көпестері оны Ілбішін станица­сында шіркеу құрылысына да жұ­мысқа тартқан деген деректер бар. Қалай болғанда да, бес қарғасының қамы үшін қайран әке қандай жұмыстан да қашпаған ғой… Сөй­тіп жүріп, ерте қайтыс болып кетеді. Барлық ауыртпалық жасөспірім Ораздың мойнына түседі. Әкесі қайтыс болғаны бар, анасы мен төрт бауырының қамы бар Ораз ары қарай оқуын жалғастыра алмайды. Ақпан төңкерісіне дейін өздеріне рулас болып келетін ауылнайдың әрі шабарманы, әрі писары болып қызметке тұрады. Ол үшін ай сайын 12 рубль 50 тиын жалақы алып тұрған екен.1938 жылы жазықсыз атылған Ораз Исаев 1956 жылы ақталды, – деді конференцияда Ораз Исаев жайында әңгімелеген Тұяқбай Рысбеков.

Конференцияда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің арнайы шақыруымен келіп, оқу орнында екі апта дәріс оқыған  Германияның Бонн университетінің шығыстану және азиялық зерттеулер институтының профессоры, ғылым докторы Нұрлан Кенжеахмет бейнебаян арқылы Мұстафа Шоқайдың мемлекеттік көзқарасы жөнінде баяндады. Сонымен қатар басқосуда Алаш зиялысы Жаһанша Досмұхамедовтың мемлекеттік және құқықтық көзқарастары, Орынбор өңіріндегі қазақ зиялылары еңбек еткен  ғимараттардың маңызы жөнінде терең баяндалды.  

  • Орынборда алаш арыстары қызмет еткен  көне ғимараттардың күні бүгінге дейін сақталып келгені көңіл толқытады. Өткелдеріміз бен өткендеріміздің тарихына үңіліп, түгендеу біздің перзенттік парызымыз. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ» деген қағидасы аясында қазақ елінің қалыптасуына еңбегі сіңген тарихи тұлғалардың мұрасы кеңінен зерттеліп, насихатталуда. Қазақстан Ресеймен бұрыннан ынтымағы жарасқан, қалыптасу тарихында кейбір мәдени мұралдары ортақ елдер, – деп атап өтті  Орынбор облыстық «Достық үйінің» төрайымы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының орынбордағы өкілі Сәуле Таикешева.

 

  • әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы  Шолпан Забих Қазақ халқының  ұлы перзенті, қазақ зиялыларының көрнекті өкілі  Жаһанша Досмұхамедовтың есімі ұлы қазақ даласында тәуелсіз мемлекет құру идеясымен тығыз байланысты екенін айтады. «ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының ұлттық бірегейлікті сақтауға, дәстүрлі рухани құндылықтарды Еуропалық демократиялық бастаулармен және адамзаттық өркениеттің жетістіктерімен үндестіруге ұмтылуы  саяси қызметтерінің негізі болды. Жарқын тұлға Жаһанша  Досмұхамедов өзінің прогрессивті идеяларымен Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуіне ықпал етуімен тарихта өшпес із қалдырды. Бүгінгі  іс-шара  ұлы тұлғаны еске алу құрметі ғана емес. Оның құқықтық-демократиялық, ұлттық мемлекет құру жөніндегі көзқарастарын, халықаралық деңгейде жасаған еңбектерін  ұрпаққа жеткізу біздің қасиетті борышымыз деп санаймын» , – дейді ол.

 «Бүгінгі конференцияда «Мұхаметжан  Тынышбаев және орта ғасырлық Қазақстан тарихының мәселелері» тақырыбында сөз қозғадым.  Өйткені әрбір оқыған, саналы азамат мүмкіндігінше өз мамадығынан бөлек халқына қызмет етеді. Мұндай дәстүр дүниежүзінің бәрінде бар. Ал ХХ ғасыр басында қазақтың зиылы қауым өкілдерінің бәрі дерлік өз ұлтына қызмет етті және ұлттық сананы қалыптастыру үшін тарихи еңбек жазды. Солардың ішінде шоғыры биігі –  Мұхаметжан Тынышбаев. Ол  мамадығы теміржол инженері бола тұра, саясатпен де айналысты. Одан соң қазақ тарихы туралы көлемді мақалалр, еңбектер жазды. Әсіресе ортағасырлық қазақстан тарихынеың мәселелері, қазақ этногенезі, қазақ этнонимі, қазақ хандығы жөніндегі еңбектері әлі күнге дейін өзінің ғылыми өзектілігін, құндылығын жойған жоқ. Оның түсінігінде тарих  – әрбір ұлттық рухани байлығы.  Біз әлі де оның ғылиыми тұжырымдарын пайдаланамыз.  Өйткнгі ол тарихты ұлттық тұрғыда жазды.  Өз ұлтына адал еңбек еткен адам ешқашан ұмытылмайды. Бұл шара  жастарға  қазақ  зиялыларының өмірін өнеге етіп көрсетті, – деді журналистерге берген сұхбатында Берекет Кәрібаев.

Ғылыми-тәжірибелік конференция Жаһанша тағылымы және заманауи білім беру мен тәрбие міәселелері, қазақ зиялылыарының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі және басқа да тақырыптар бойынша секциялық жұмыстармен жалғасты.

 

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz