2024 жылдың 2-семестрінен бастап Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Тарих» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде педагогикалық практикадан өтуде.
Практиканың алғашқы күні студенттер 7D, 8D, 8C, 8D сыныптарына бөлініп, тәжірибелік жұмыстарын бастап кетті. Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімдері Мағзомова Арайлым Серікқызы, Ашимова Дина Тілекқабылқызы, Хамзина Эльмира Нариманқызы, Мағзомов Тұрақ Жанболатұлы сынды тарихшы-ұстаздардың жетекшілігімен зияткерлік мектептегі оқушылардың қызығушылығы мен психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, шығармашылық жұмыстарды өткізуге, нақты педагогикалық әдістемелерді қолдануға үйренуде.
Практика барысында студенттер «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» пәнінің оқу бағдарламалары, оқу жоспарларымен және критериалды бағалау жүйесінің қолдану ерекшеліктерімен танысып, оқытудың нақты концептілерінің, өзгеріс және сабақтастық, себеп пен салдар, дәлел, ұқсастық пен айырмашылық, маңыздылық, интерпретация негізінде құрастыру арқылы сабақ өткізуде. Сонымен бірге, зияткерлік мектептің білім алушыларына арналған маңызды тақырыптарды талдайтын тәрбие сағаттары мен тренингтер өткізеді.
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті мен Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі арасындағы педагогикалық шеберлікті шыңдау, оқыту әдістемесін арттыру бағытында ынтымақтастық жалғасын тауып келеді.