Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде сапа апталығы аясында «Генеративті жасанды интеллектіні (GenAI) саналы және жауапты қолдану» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Семинарды «Дене мәдениеті және информатика» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Мұхтар Зинур Ғафурұлы жүргізді.

Іс-шараға университеттің оқытушылары мен әртүрлі білім беру бағдарламаларының студенттері қатысты. Семинар бағдарламасы теориялық және практикалық бөлімдерден құрылып, қатысушылардың GenAI құралдары туралы түсінігін кеңейтуге, сондай-ақ оларды қауіпсіз әрі тиімді пайдалануға бағытталды.

Семинардың теориялық бөлігінде баяндаушы генеративті жасанды интеллектіні саналы қолданудың негізгі қағидаларын таныстырды. Қатысушыларға ЮНЕСКО ұсынымдарына сәйкес: этикалық қолдану принциптері, академиялық адалдықты сақтау жолдары, пайдаланушы жауапкершілігі мен цифрлық гигиена мәселелері бойынша өзектi ақпарат ұсынылды.

Практикалық бөлім белсенді форматта өтті. Қатысушылар ChatGPT платформасында сұраныстар құрастыру, диалог жүргізу және оқу-зерттеу жұмыстарында пайдалану бойынша тәжірибе жасады. Gemini құралын пайдаланып зерттеу жүргізу, ғылыми мәтіндер талдау және өзіндік білімді дамыту әдістерімен танысты. Padlet онлайн тақтасында жасанды интеллект көмегімен сабақ контенттерін әзірлеудің практикалық жолдарын көрді.

Іс-шара барысында студенттер мен оқытушылар GenAI технологияларын оқу, ғылыми зерттеу және кәсіби қызметте тиімді пайдалану тәсілдерін меңгерді. Семинар қатысушыларға жасанды интеллектті жауапты қолданудың маңызын түсіндіре отырып, оны білім беру үдерісіне интеграциялау бойынша нақты құралдар ұсынды.

Сапа апталығы шеңберіндегі бұл семинар цифрлық педагогика мен инновациялық білім беру технологияларын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Мекен-жай
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 208
    reception@wkitu.kz