Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы ақпараттандыру мақсатында «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізілді.
Аталған іс-шараға Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Технология және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасының білім алушылары белсенді қатысты.
Іс-шара аясында білім алушылар «Желаев астық өнімдері комбинаты» ЖШС және «Нан-сүт комбинаты №1» ЖШС өкілдерімен кездесіп, кәсіпорындардың өндірістік қызметі, жұмыс бағыттары және мамандарға қойылатын талаптары жөнінде ақпарат алмасты.
Кездесу нәтижесінде білім алушылардың аталған кәсіпорындарда оқу-өндірістік және кәсіби практикадан өтуіне байланысты келісімдер жасалды. Бұл өз кезегінде студенттердің теориялық білімдерін өндірісте тәжірибе жүзінде бекітуіне, кәсіби дағдыларын қалыптастыруына және болашақта мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
«Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі білім алушылардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуына және еңбек нарығына бейімделуіне ықпал етті.