Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті жанынан өткен жылы Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен студенттер мен жастарға арналған «Тілдесу алаңы» ашылған болатын.
Бүгінгі таңда студенттердің ұсыныстарына сай «Тілдесу алаңында» қоғамда айтары бар танымал тұлғалармен кездесулер, пікір алысу, жаңа кітаптармен таныстырылымдар өткізілуде.
«Тілдесу алаңының» 2024 жылғы 26 ақпандағы кезекті қонағы – ұстаз, ақын, жазушы, қоғам қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен “Парасат” орденінің иегері, білім мен мәдениет саласына сіңген еңбегі үшін “ҚР мәдениет саласының үздігі”, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің, «Тәуелсіздікке 10 жыл», “Тәуелсіздікке 25 жыл” мерекелік медальдарының иегері МҰШТАНОВА ДАРИҒА ҒАЗЕЗҚЫЗЫ.
Мерейлі жасы өңірімізде атап өтіліп жатқан Дариға Ғазезқызы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Адамның жаны бір жұмбақ» (2001), «Өмір-арна» (2004), «Қос қанат» («Жылама, жырла, Жайығым», 2010) жыр жинақтарының, «Үміт жетелеген бес жыл» (2005), “Үміт” атты бір ел бар…» (2015) педагогикалық жазбалар жинақтарының, «Аңыз болған абысындар» (2018), «Әз ғұмыр» (2019), «Нәркес» (2024) атты прозалық кітаптардың авторы. Кеш модераторы п.ғ.д., профессор Бахишева Светлана Меңдіғалиқызы конференц залға жиналған студент жастарды келген қонағымызбен таныстырды.
Бұл кездесудің тақырыбы «БІЗ….» деп алынып, онда қоғам тынысы, уақыт талабы, өмірдің түрлі сәттері, азаматтар мен қыздардың орны туралы жастарымен сырласып, Дариға Ғазезқызы өзінің көкейкесті ойларымен бөліссіп студенттер тарапынан қойылған түрлі сауалдарына жауап берді.
Кеш соңында БҚИТУ тәрбие ісі жөніндегі проректоры Абекешев Аянбек Иманбайұлы университет әкімшілігі атынан келген қонаққа ризашылығын білдіріп, құттықтау адресаты, гүл шоғы мен арнайы естелік сыйлықты тарту етті.