Алаш қозғалысының 100 жылдығы және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында Батыс Қазақстан инновациялық – технологиялық университетінде  «Біз, Ғұмар Қараш көшесінде тұрамыз» атты алғаш рет тарихи танымдық кеш өткізілді. Бұл кешке аталмыш оқу орны орналасқан Ғұмар Қараш көшесінің тұрғындары шақырылып қатысты.

Кешті ұйымдастырудағы мақсатымыз: «Алаш қайраткері Ғұмар Қараштың өмірі мен қоғамдық-саяси  қызметін көшенің тұрғындарына таныстырып,  бүгінгі   ұрпақтың ұлы бабаға деген құрмет сезімін арттыру» дейді тарих ғылымдарының  кандидаты, «Алаштану» үйірмесінің жетекшісі Б. Боранбаева.

Көше тұрғындарына арналған бұл шара барысында  «Ғұмар Қараш – алаш тұлғасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Шараға қатысқан педагогикалық факультет деканы Б.Жұмақаева кіріспе сөз сөйледі. Ғұмартанушы ғалым Б. Боранбаева көше тұрғындарына Ғұмар Қараштың өмірі және оның  ұрпақтары туралы айтып, одан соң қоғам қайраткері туралы түсірілген «Шоқ шашқан шежіре» атты бейнефильм көрсетілді. Мәскеу қаласында тұратын Ғұмардың немересі ғалым Нәбия Бұрханқызы Қарашеваның оралдық журналистерге берген сұхбатының  бейне жазбасы тыңдалды.

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент А. Абдулманов ойшыл ақынның шығармалары туралы айтып, мазмұнымен таныстырды. Көше тұрғындары ақынның таспаға жазылған «Өтер ме екен», «Көреміз бе», «Күн туды», «Неден қорқам», «Түсінбеймін», «Жігер» т.б.  өлеңдерін тыңдады.

Алаштанушы тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Д. Сүлейменова  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді» деген болатын.  Ендеше ұлттық санамызды жаңғыртудағы, Ғұмар Қараш атындағы көше тұрғындарының тарихи таным түсінігін кеңейтудегі   ұйымдастырылған кештің маңызы зор екенін айтты.

Кеш соңында сөз алған қонақтар өздері тұратын көшеге есімі берілген тұлға туралы яғни алаш қайраткері Ғұмар Қараш және оның ұрпақтары туралы мол мәлімет алғандықтарын, немере шөберелеріне айтып беретін әңгімелерінің көбейгенін айтып ағынан жарылды. Кешті ұйымдастырушыларға жүрек жарды лебіздерін білдірді.

 Алайда  көше тұрғындары шамдары жоқ қараңғы, көлік тұрмақ жаяу адам жүре алмайтын жағдайға жеткен көріксіз көшенің тарихи тұлға Ғұмар Қараш есіміне сай емес екенін айтып қынжылды.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz