2020 жылғы 16-20 қараша аралығында «Қашықтан білім беру – уақыт талабы» атауымен «Сапа апталығы – 2020» аясында өткен шаралар туралы.
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті оқу үрдісін жетілдіру, тәжірибе алмасу, білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында 2020-2021 оқу жылының 16-20 қарашасы аралығында «Қашықтан білім беру – уақыт талабы» тақырыбындағы «Сапа-2020» апталығы болып өтті. ЖОО-ның инновациялық ортасын құру үшін оқытушылардың жұмыс жүйесін қалыптастырып, ынталандыру, мотивациялық ықпал ету арқылы инновациялық іс-әрекет моделін ұсыну мақсатымен ұйымдастырылған университет ұжымының оқытушы-профессорлар құрамы, магистранттары мен студентеріне арналған маңызы зор шараның ойдағыдай өтуіне университет кафедраларының оқытушы-профессорлар құрамы ұйымшылдықпен атсалысты.
Шаралар онлайн форматта Free Сonference Сall, Zоом платформалары арқылы жүргізілді.
Апталық аясында 15 ашық сабақ, жұмыс берушілер мен түлектердің қатысуымен 5 дөңгелек үстел, 3 әдістемелік семинар және 1 бизнес-тренинг өтті.
Апталық «Тарих және құқық» кафедрасының доценті, т.ғ.к. С.А.Еділханованың «Қазіргі замандағы Европа және Америка елдері тарихының деректері» тақырыбындағы ашық сабағымен басталды.
«Филология, мәдениет және оқыту әдістемесі», «Педагогика және психология» кафедраларында өткен «Оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа формасы – қашықтықтан оқыту технологиясы», «Инклюзивті білім беру – заман қажеттілігі», «Фильмотерпия күйзелістен шығудың қолжетімді тәсілі ретінде» тақырыптарында өткен әдістемелік семинарларда, «Қашықтықтан оқытудағы тиімді кері байланыс жасау түрлері», «Оқу үрдісінде оқытудың жаңа әдістері мен формаларын енгізу» тақырыптарындағы дөңгелек үстелдерде оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа формасы – қашықтан оқыту технологиялары арқылы оқыту туралы жалпы ақпараттар берілді. Дамыған елдер тәжірибесінің Қазақстан білім жүйесіне енгізілуі, тиімді жолдары айтылды. Қашықтан оқытудың Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде қалай, қандай платформалар арқылы өтетіні жөнінде толықтай таныстырылды. Сонымен қатар оқу процесінде оқытудың жаңа тәсілдерін қолдану, инклюзивті білім беру мәселелері қозғалды. Студенттер де белсенділік танытып, қашықтан оқытудың артықшылығы мен кемшіліктері туралы ойларымен бөлісті.
Апталық аясында «Экономика және менджмент» кафедрасы «Тиімді жұмысқа орналастыру. Табысты мансап» тақырыбындағы жұмыс берушілермен және түлектермен кездесу, «Атамекен» ҰКП-ның тренері Д.С.Суюншкалиеваның қатысуымен «Startup and Business» тақырыбында бизнес-тренинг өткізді. «Тарих және құқық» кафедрасында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің БҚО бойынша департаментімен бірлесіп «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының өзекті мәселелері» атты онлайн дөңгелек үстел ұйымдастырылды, бұл шараларға өз саланың білікті мамандары қатысып, оқытушылар мен білім алушылар кәсіби және танымдық тұрғыдан маңызды сұрақтарға жауап ала алды.
Сапа апталығы аясында жыл сайын өткізілетін сабақтардың саны ғана емес, олардың сапасы да жоғары деңгейге көтеріліп келеді. Тәжірибелі оқытушылар доцент У.К.Доукариева, доцент Ш.С.Набидолина, доцент Ж.С.Кажиакпарова, доцент Р.А.Ерниязовтармен қатар, аға оқытушылар Т.Т.Қуаныш, Л.В.Федорченко және да жас мамандар сабақ жүргізудегі өз шеберліктерімен бөлісті. Сапа апталығы жұмысының аясындағы онлайн көрнекі сабақтар, семинарларда қашықтан оқыту жағдайындағы кері байланыс түрлері, әдістері, модульдік оқыту технологиясы, оқытудың белсенді формалары қолданылып, профессор-оқытушылар құрамы қашықтан білім беру форматында дәріс, семинар сабақтар өткізу тәжірибелерін ортаға салды.
Аға оқытушы С.А.Бисалиев «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 3-курс студенттеріне университеттің спорт залында ашық практикалық сабақ өткізді.
«Есеп және аудит» кафедрсында «Салық есептілігін дайындау және тапсыру» тақырыбындағы ашық сабаққа салық қызметінің тәжірибелі мамандары қатысты, оқытушылар мен студенттер қызықтырған сұрақтарына кәсіби жауап ала алды.
Биылғы оқу жылындағы қашықтан оқыту жағдайында білім беру үрдісін жетілдіру, тәжірибе алмасу, білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында ұйымдастырылған «Қашықтан білім беру – уақыт талабы» атты «Сапа-2020» апталығы негізіндегі шаралар жоғары деңгейде өтті.. Апта барысында ұйымдастырылған шаралар барысында білім берудің үздік жаңа технологиялары: жобалап оқыту, топтық жұмыстарды ұйымдастыру, видеороликтерді талдау, болжап оқу, рефлексиялық талдау, т.б. әдістер қолданылды. Қашықтан білім беру жағдайында мол тәжірибе беретін бұл бағыттағы шаралар жалғасын таба бермек.






