2025–2026 оқу жылында 6В01703 «Орыс тілі мен әдебиеті (оқыту тілі орыс емес мектептерде)» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері «Интеграцияланған оқыту технологиясы» пәні бойынша дуальды білім беру форматы аясында табысты оқып шықты. Дуальды модель университеттегі академиялық дайындықты шынайы мектеп жағдайындағы практикалық іс-әрекетпен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Дәріс сабақтары Білім беру және менеджмент институтының базасында өтті. Сабақтарды ассоциирленген профессор А.А. Абдульманов жүргізіп, студенттерге интеграцияланған оқытудың заманауи технологиялары туралы терең теориялық түсінік берді. Практикалық сабақтар Орал қаласындағы №40 орта мектеп базасында ұйымдастырылды. Сабақтарды зерттеуші-педагог Бақытжанова Әсем Самиғоллақызы жүргізді. Студенттер алған білімдерін тәжірибеде қолдануға, оқу үдерісіне қатысуға, сабақтың фрагменттерін өткізуге және орыс тілі мен әдебиетін оқытудың қазіргі әдістерін мектеп жағдайында бақылауға мүмкіндік алды.
Дуальды оқытудың нәтижелері, теория мен практиканы үйлестіру арқасында студенттер: интеграцияланған оқыту саласындағы кәсіби құзыреттерін тереңдетті; заманауи педагогикалық әдістерді меңгерді; мектептің нақты жағдайында жұмыс істеу тәжірибесін алды; болашақ педагогикалық қызметке дайындығын арттырды.
