2021 жылдың 18-қарашасында БҚИТУ Инженерлік-гуманитарлық факультетінің «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» мамандығының 2-4 курс студенттері «ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің (Орал қаласы) өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі» ММ жедел-құтқару жасағына экскурсияға барып, жұмысымен танысты. Саяхаттың мақсаты – студенттерді өндіріс орнымен таныстырып, өз мамандығы бойынша түсініктерін, қызығушылықтарын арттыру. Шараны БҚИТУ «Экология және биотехнология» кафедрасының меңгерушісі Л.И Байтлесова және аға оқытушылары Г.Р.Курмашева, Р.Н.Толеуова, Ж.А.Мурзабекова ұйымдастырды. Аталған өндіріс орнының №2 жедел-құтқару жасағының жетекші құтқарушысы А.В.Швейкин судан құтқару, өрт сөндіру құралдарымен, арнайы құрылғылармен, құтқарушыларға арналған жабдықтармен, тіршілікті қамтамасыз ету құралдарымен таныстырды. Сондай-ақ, өздері күнделікті атқаратын жұмыстарды студенттерге толық түсіндіре отырып, бұл сала қызметінің жауапты екенін және теориялық білімді практикалық жұмыстармен толықтырғанда ғана сапалы білімге қол жеткізуге болатынын айтты. Кинолог А.И.Жумабекова іздеу-құтқару жасағындағы қиын жерлерде жоғалғандарды, зардап шеккендерді таба алатын үйретілген итпен тренировкалар көрсетті. Өндіріс орнында атқарылатын жұмыстарды көрген, болашақ мамандардың оқып жатқан мамандығына деген құрметі арта түсті.

