Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылған ойларды жүзеге асыру жұмыстары республика деңгейінде жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы ретте тарих ғылымының рухани жаңғыруға қосар үлесі орасан зор. Елбасы мақаласында айтылған «Қазақстанның киелі географиясы» және «Туған жер» бағдарламаларының төңірегінде Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің жанынан ашылған Археологиялық орталық Қазақстан Республикасы Ұлттық Музейінің лицензиясы негізінде біраз уақыттан бері тарихи және мәдени ескерткіштерге, Ақжайық өңірінің тарихи өткеніне  археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде. Әсіресе, Жайық қалашығы мен Шыңғырлау ауданындағы Сегізсай кешенінен табылған тарихи жәдігерлер рухани жаңғыру бағытындағы жұмыстарға тың серпін беретіні анық. Тарих мамандығының оқытушылары мен студенттері және магистранттарынан құралып, университет базасында жасақталған археологиялық экспедицияның мұнан да басқа ауыз толтырып айтарлық жаңалықтары жеткілікті.

   Аталмыш археологиялық барлау және қазба жұмыстары Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің құрылтайшыларының тікелей ұйымдастыруымен және қаржыландыруымен жүзеге асып келеді.

   2021 жылдың 10-20 қыркүйегі аралығында «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша Теректі ауданындағы Ерсары ауылдық округінде орналасқан Ақмешіт кешеніндегі сәтті жүргізілген археологиялық экспедиция жұмыстары ғылымды қолдаудың нақты нәтижелер мен қорытындыларға қол жеткізуге болатындығын тағы бір дәлелдеді. Экспедиция жетекшісі, белгілі археолог-ғалым, доктор PhD М.Д.Калменовтың дәлелдеулері бойынша «Ақмешіт» қорымының қасынан археологиялық қазба жұмысы нәтижесінде мешіттің орны анықталды. Қабырғасы қызыл кірпіштен қаланған, қалыңдығы 80 см, сырты ақ кірпішпен қапталған, іші әдемі көмкерілген мешіт болған. Ақмешіт кешеніндегі медреседе Әбубәкір Кердері Боранқұлұлы дәріс берген, Жұмағазы хазырет жұма намазын осында келіп оқыған деп айтылады. Хамза Есенжановтың «Ақ жайық» трилогиясында  «Жайықтың  ішкі бетіндегі атақты мешіттің бірі»- деп көрсеткен мешіт осы екеніне күмәніміз жоқ. Бұнда сол өңірдің игі жақсылары тұрақты жиылатындығы жазылған. Жанында бала оқытатын екі медресе болғаны, балалар алдымен осында білім алатыны да айтылған. Шығармада үш жүздей үй бар делінген, яғни төңкеріске дейін Жайық өңірінде қазақ арасында діни ағартушылық бағыт өз деңгейінде дамыған.

   Ақмешіт кешенінде жүргізілген археологиялық зерттеулер ғылыми қауым тарапынан мойындалып отыр, әрі бұл Батыс Қазақстанның тарихын зерттеуге қосылған соңғы жаңалықтардың бірегейі болып табылмақ. Батыс Қазақстан облысының аумағында зерттеуге сұранып тұрған бұл секілді материалдық және рухани мәдениет орындары баршылық. Бұл бағыттағы зерттеулер Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің перспективалық жоспарында арнайы қарастырылған.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz