Батыс Қазақстан облысында 90-нан аса әртүрлі халық және ұлт өкілі өмір сүруде. Бүгінгі таңда Қазақстан халықтарының Ассамблеясының құрамында еліміздің дамуы мен біртұтастығы мақсатында азаматтық ұстанымға негізделген 49 этномәдени бірлестік болса, соның 17-сі Орал қаласында.
Қазақстан Республикасының президентінің нұсқауымен еліміздің әр өңірінде ҚХА-ның орталықтары ашылды. Міне, осындай мақсатта 2016 жылы 4 ақпанда пайдалануға берілген «Достық үйі» нысаны ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай салтанатты түрде ашылған, Орал қаласындағы ең көрнекті нысандардың бірі болып саналады.
Бұл нысанның ашылуына Астана қаласынан Қазақстан халықтарының Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Секретариат меңгерушісі, Тоғжанов Ералы Лұқпанұлы арнайы ұшып келді. Сонымен қатар аталмыш жиынға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, көрнекті қоғам қайраткерлері, департамент басшылары, этномәдени бірлестік мүшелері мен жастар қатысты. «Достық үйінің» ашылуына Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің студенттерінің де белсенді қатысқанын атап өтеміз.

