6В09103 «Ветеринария» білім беру бағдарламасының білім алушылары үшін «Жануарлар патологиясы» пәні бойынша «Шамшырақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің базасында көшпелі практикаға бағдарланған сабақ ұйымдастырылды.
Сабақ ветеринария ғылымдарының кандидаты Туяшев Есен Курмашовичтың жетекшілігімен өткізілді. Шаруашылыққа бару барысында білім алушылар ұсақ малдарды сою технологиясымен танысып, жануарлардың ішкі ағзаларында кездесетін патологиялық өзгерістерді зерттеді.
Ағзаларды визуалды бағалауға, патологиялық үдерістердің сипатын анықтауға, қалыпты және өзгеріске ұшыраған тіндерді салыстыруға ерекше назар аударылды. Білім алушылар теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде бекітіп, ішкі ағзаларды патологиялық-анатомиялық зерттеу, байқалған өзгерістерді сипаттау және оларды жануардың физиологиялық жағдайымен байланыстыра бағалау дағдыларын меңгерді.
Осындай көшпелі сабақтар болашақ ветеринария мамандарының кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға, клиникалық ойлау қабілетін дамытуға және білім алушылардың практикалық даярлық сапасын арттыруға ықпал етеді.

