2026 жылғы 11 қарашада Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Салалық технологиялар институты Құқық кафедрасының ұйымдастыруымен 6В04202 «Құқықтану» білім беру бағдарламасының 3–4 курс білім алушыларына арналған «Алқабилердің қатысуымен қылмыстық істерді қарау ерекшеліктері» тақырыбында қонақ дәрісі өткізілді.
Дәрісті Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Гильманова Динара Мугаппаровна жүргізді.
Қонақ дәрісінің негізгі мақсаты – болашақ заңгерлердің қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру, алқабилер институтының құқықтық табиғатын түсіндіру және алқабилердің қатысуымен қылмыстық істерді қараудың процестік ерекшеліктері туралы кәсіби түсініктерін қалыптастыру.
Дәріс барысында судья Қазақстан Республикасының қылмыстық сот ісін жүргізу жүйесіндегі алқабилер институтының орны мен маңызына кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, алқабиге кандидаттарды іріктеу, оларды сот отырысына шақыру, алқабилер алқасын қалыптастыру және алқабилерді таңдау рәсімдерінің құқықтық әрі ұйымдастырушылық ерекшеліктерін жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар алқабилердің құқықтары мен міндеттері, олардың сот талқылауына қатысу тәртібі, тәуелсіздігі мен бейтараптығын қамтамасыз етудің құқықтық кепілдіктері қарастырылды.
Дәрістің маңызды бөліктерінің бірі алқабилердің қатысуымен шығарылатын сот үкімдерінің ерекшеліктеріне арналды. Судья алқабилердің сот төрелігін жүзеге асырудағы рөлін, олардың қылмыстық іс бойынша шешім қабылдауға қатысу тәртібін, үкім қабылдау рәсімін және оның негізінде сот үкімін шығарудың процестік ерекшеліктерін түсіндірді. Сондай-ақ алқабилердің қатысуымен қылмыстық істерді қарау барысында туындайтын тәжірибелік мәселелерге назар аударылып, қылмыстық сот ісін жүргізуде заңдылықты сақтау, дәлелдемелерді зерттеу, кінәсіздік презумпциясын қамтамасыз ету және әділ сот талқылауы қағидаттарының маңыздылығы атап өтілді.
Қонақ дәрісінің өткізілуі Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің құқық қорғау және сот органдарымен кәсіби байланыстарын нығайтуға, білім беру үдерісіне тәжірибелі заңгер мамандарды тартуға және «Құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлау сапасын арттыруға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.


