2026 жылғы 5 қарашада Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Салалық технологиялық институтында «Мұнай-газ инженериясы» кафедрасында «Қауіпсіздік әлемі» студенттік үйірмесінің қызметі аясында 6В11201 – Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі және 6В07201 – Мұнай-газ ісі білім беру бағдарламаларының 1–3 курс білім алушыларына «Өрт қауіпсіздігінің алдын алу» тақырыбында танымдық дәріс өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – білім алушылардың өрт қауіпсіздігі саласындағы білім деңгейін арттыру, қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, өрттің алдын алудың тиімді шараларымен таныстыру, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету бойынша практикалық дағдыларын дамыту.

Іс-шараға арнайы шақырылған мамандар ретінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Орал қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Хайруллин Асланбек Мұратұлы және ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының фельдшері Ергужиева Назгуль Кайратовна қатысты.

Дәріс барысында мамандар өрттің туындауының негізгі себептерін, оның алдын алу жолдарын, өрт қауіпсіздігі талаптарын және өрт болған жағдайда адамдарды эвакуациялау тәртібін жан-жақты түсіндірді. Әсіресе төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритміне, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету ережелеріне, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған шараларға ерекше назар аударылды.

Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Білім алушылар талқыланған мәселелерге қызығушылық танытып, мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, түсіндірмелер алу және жеке әрі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша практикалық ұсыныстармен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Мұндай кездесулерді өткізу болашақ мамандардың кәсіби даярлығын арттыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері бойынша олардың құзыреттілігін арттыруға, қауіпсіздік талаптарын сақтауға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға және адам өмірін сақтаудың басымдығын түсінуге ықпал етеді.

Дәріс «Қауіпсіздік әлемі» студенттік үйірмесінің университет пен бейінді қызметтер арасындағы өзара байланысты нығайтуға және білім беру үдерісінің практикалық бағыттылығын арттыруға бағытталған жұмысының маңызды бөлігі болды.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz