Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Құқық кафедрасында республикалық «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында студенттердің кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және интеллектуалдық дамуына бағытталған кураторлық сағат өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – студенттерді жүйелі кітап оқуға ынталандыру, сыни ойлау қабілетін дамыту, көркем әдебиет арқылы адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру және алған білімін өмірде қолдануға баулу.
Кураторлық сағат барысында «Кітап оқитын ұлт» жобасының негізіне алынған жеті идеяға назар аударылды. Атап айтқанда, білімнің жоғалмайтын қазына екендігі, адамның өмір бойы білім алу арқылы дамуы, сыни ойлау мен қиялды жетілдіру, өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, балалардың болашағына жауапкершілікпен қарау және алған білімді қоғам игілігіне пайдалану мәселелері қозғалды.
Студенттерге кітап оқу тек белгілі бір шығарманы аяқтаумен немесе оқылған кітаптар санымен шектелмейтіні, оның басты мәні адамның ойлау жүйесін жетілдіруде, дүниетанымын кеңейтуде және саналы шешім қабылдау қабілетін дамытуда екендігі түсіндірілді.
Іс-шара аясында француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» шығармасы талқыланды. Шығармадағы достық, жауапкершілік, адамгершілік және адамдар арасындағы қарым-қатынас мәселелері жобаның жеті идеясымен байланыстырылып қарастырылды.
Әсіресе, болашақ заңгерлер үшін сыни ойлау, өзгенің пікірін тыңдау, дәлелді тұжырым жасау және қабылдаған шешіміне жауапкершілікпен қарау қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Кітап оқу мәдениетінің кәсіби біліммен қатар, құқықтық сана мен тұлғалық жауапкершілікті қалыптастырудағы орны талқыланды.
Кураторлық сағатта қазіргі цифрлық қоғамда ақпаратты жылдам қабылдаумен шектелмей, оның мазмұнын талдау, әртүрлі көзқарастарды салыстыру және өз бетінше қорытынды жасау қажеттілігі де сөз болды.
Іс-шара соңында студенттерді кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыруға, оқыған шығармалары бойынша пікір алмасуға және алған білімдерін жеке дамуы мен болашақ кәсіби қызметінде қолдануға шақырды.
«Кітап оқитын ұлт» жобасының негізгі ұстанымына сәйкес, кітап оқу – жеке адамның дамуына, отбасындағы оқу мәдениетінің қалыптасуына және білімді, жауапты қоғам құруға бағытталған үздіксіз үдеріс.


