2026 жылғы 18 мамырда Орал қаласындағы № 7 жалпы орта білім беретін мектеп базасында Батыс Қазақстан облысының ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған «8-сыныпта Express Publishing баспасының ағылшын тілі оқулықтарын тиімді пайдалану стратегиялары» тақырыбында облыстық әдістемелік семинар өтті. Семинарда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Білім беру және менеджмент институтының Шетел тілдері және аударма ісі кафедрасының қауымдастырылған профессоры Аманбаева Зауре Жиеналиевна және осы кафедраның қауымдастырылған профессоры Матжанова Гульвира Жусуповна спикер ретінде сөз сөйледі. Іс-шараның ұйымдастырушысы EDU Stream халықаралық білім беру орталығы болды. Семинардың негізгі мақсаты ағылшын тілі мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, педагогикалық шеберлігін арттыру, оқу-әдістемелік кешендерді білім беру үдерісінде тиімді қолдануға ықпал ету, сондай-ақ педагогтерге практикалық және әдістемелік қолдау көрсету болды. Іс-шараға Батыс Қазақстан облысы мектептерінің ағылшын тілі мұғалімдері қатысты. Кездесу барысында олар 8-сыныпқа арналған ағылшын тілі оқулықтарымен жұмыс істеудің заманауи стратегияларымен танысып, оқу материалдарын оқушылардың дайындық деңгейі мен білім алу қажеттіліктеріне бейімдеу жолдарын талқылады. Оқушылардың коммуникативтік дағдыларын, сыни ойлау қабілетін және дербестігін дамытуға бағытталған тапсырмаларға ерекше назар аударылды. Семинардың негізгі бағыттарының бірі «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарын ағылшын тілі сабақтарының мазмұнына енгізу болды. Оқулықтағы жекелеген тақырыптар негізінде экологиялық жауапкершілікке, салауатты өмір салтына, медиасауаттылыққа және мәдениетке құрметпен қарауға арналған пікірталастарды ұйымдастыру, жазбаша тапсырмаларды орындау және жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері көрсетілді. Ұсынылған әдістемелік тәсілдер оқушылардың тілдік дағдыларын жетілдірумен қатар, олардың қоғамға, қоршаған ортаға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Семинар кәсіби қарым-қатынас жасауға, педагогикалық тәжірибе алмасуға және ағылшын тілін оқытудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған тиімді алаңға айналды.

