2026 жылғы 5 қарашада «Есептеуіш техникасы және ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері Орал қаласында орналасқан «TORUS.KZ» ЖШС мекемесіне экскурсияға барды.
Экскурсия барысында TORUS.KZ ЖШС басшылығының өкілі Габдуллаев Даурен Гарипович студенттерге мекеменің негізгі қызмет бағыттары, жұмыс ерекшеліктері және ақпараттық технологиялар саласында жүзеге асырылып жатқан жобалары туралы кеңінен мәлімет берді.
Экскурсия аясында компания мамандары әзірлеген бағдарламалық қамтамасыз ету өнімдері, ақпараттық жүйелерді жобалау және әзірлеу, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу бағыттары таныстырылды. Сонымен қатар студенттер бағдарламалық өнімдерді жасау кезеңдері, IT-жобаларды жүзеге асыру ерекшеліктері және қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие ақпараттық технологиялар туралы ақпарат алды.
Кездесу барысында студенттер IT саласындағы заманауи технологиялар мен компанияның жүзеге асырып жатқан жобаларына ерекше қызығушылық танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Компания өкілі студенттердің сұрақтарына жауап беріп, кәсіби бағыт-бағдар берді.
Экскурсия болашақ мамандарға нақты өндірістік ортадағы жұмыс үдерістерімен танысып, теориялық білімдерін тәжірибемен байланыстыруға, сондай-ақ таңдаған мамандықтары бойынша кәсіби көзқарастарын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

