2022 жылдың 8 желтоқсан күні Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті, Жаратылыстану-ғылыми пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен самбодан төрт дүркін әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, университет түлегі Байбатыров Ерболат Сағатұлының университет ұжымы және студенттерімен кездесуі өтті.
Кездесу кешіне Ерболат Байбатыровтың әріптесі, облысымызға белгілі балуан, БҚО мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры – Нұрмұханов Әскербек Бақытжанұлы қатысты.
Тәрбиелік мәні зор кездесуде қазақтың білекті де жүректі батыр ұлы Ерболат Сағатұлы спорттағы жетістіктері мен қиындықтары, бастан кешкен қызықты оқиғалары туралы естелігі мен өмірлік ұстанымдарын ортаға салды. Боз кілемде атойсалған әйгілі балуан қарапайымдылығымен қоса көкірегі сәулелі, сұңғыла білімділігімен, қазақ сөзінің мәйегіне қанып өскен шешендігімен жиналған жұртшылықты тәнті етті.
Кездесу барысында студенттерді қызықтырған сұрақтарға жауап бере отырып, зор жетістіктерге жетуде атақты самбошы биік мақсат, таудай талап, тынымсыз еңбек, темірдей тәртіп, берік күш-жігер, ұлтқа деген сүйіспеншілік алға жетелейтін қағидаттардың арқасында алынбас қамалдарды бағындыруға болатынын айтты. Сонымен қатар, терең білім, саналы тәрбие, қатаң тәртіп, қарапайымдылық, имандылық пен бауырмалдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – әр спортшының бойынан табылуы тиіс асыл қасиеттер екенін атап өтті.
