2026 жылғы 14 қазанда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Білім және менеджмент институтында дәстүрлі «Студенттер қатарына қабылдау» салтанаты өтті. Бірінші курс білім алушылары үшін ерекше маңызға ие мерекелік кеш салтанатты рәсім мен концерттік бағдарламадан тұрды.
Іс-шара барысында БҚИТУ-дың бірінші және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Самал Амангелдіқызы Машанова бірінші курс студенттерін өмірлеріндегі жаңа кезеңнің басталуымен құттықтады. Ол жастарға білім мен ғылым жолында табыс, шығармашылық ізденіс және жарқын болашақ тіледі.
Сонымен қатар қаланың жастар қозғалысын дамытуға үлес қосып, спортта жоғары жетістіктерге жеткен және университеттің қоғамдық, мәдени-көпшілік іс-шараларына белсенді қатысқан бір топ студентті марапаттады.
Келесі кезекте Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аянбек Иманбайұлы Абекешев студент жастарды атаулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде ол студенттік кезеңнің адам өміріндегі маңызды әрі жауапты белес екенін атап өтіп, білім алушыларға оқуда озат, қоғамдық өмірде белсенді болуға және университет абыройын асқақтатуға тілектестігін білдірді.
Салтанатты жиында университеттің белсенді білім алушыларына Батыс Қазақстан облысының Жастар ресурстық орталығының, «ӘДІЛЕТ» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының Алғыс хаттары табысталды.
Дәстүрге сай бірінші курс студенттері салтанатты түрде ант қабылдап, университеттің ішкі тәртіп қағидаларын сақтауға, сапалы білім алуға, студенттік қауымдастықтың беделін арттыруға және оқу орнының абыройын асқақтатуға уәде берді.
Ант қабылдау рәсімінен кейін Білім және менеджмент институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айгүл Абиболлақызы Раманова бірінші курс білім алушыларына студенттік билеттерін салтанатты түрде табыстап, оларға ақ жол тіледі.
Мерекелік кеш мазмұнды концерттік бағдарламамен жалғасты. Университет студенттерінен құралған шығармашылық ұжымдар заманауи би композицияларын ұсынып, көңілді КТК қойылымдарын сахналады. Сондай-ақ республика мен облыс көлемінде танымал өнерпаздар әсем әндері мен жарқын өнерлерін ортаға салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бұл салтанатты кеш бірінші курс білім алушыларының студенттік өмірге жасаған алғашқы қадамын айшықтап, олардың жадында жарқын әрі ұмытылмас сәт ретінде сақталды.

















