Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті, педагогика факультетінің  бір топ ғалымдары, атап айтсақ профессор, филология ғылымдарының докторы Сабыр Мұрат Бөкенбайұлы және магистрлар Қадыржанова Жанна  Елемесқызы, Баймұқанова Балжан Қадырғалиқызы РФ, Уфа қаласында 10-12 желтоқсан күндері өткізілген «Халықаралық Еуразиялық гуманистік форумға» арнаулы қонақ ретінде қатысып,  қайтты. Форум аясында оздырылған «Мәдениет пен білім саласындағы Еуразия халықтары ағартушыларының гуманистік мұрасы» атты халықаралық  ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, шет елдерден, Ресейдің түпкір-түпкірінен келген ғалымдармен пікір алысты. Пленарлық мәжілісте профессор М.Б.Сабыр «Абайдың гуманистік мұрасы және қазақ қоғамындағы орыс тілінің рөлі» (орыс тілінде)атты баяндама жасады. Бұл конференцияны РФ БжҒ Министрлігі, Башқұртстан Республикасы үкіметі, М.Ақмулла ат. Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті ұйымдастырған болатын.

789

Конференция екінші күні М.Ақмулла ат. БМПУ-де жалғасын тапты. Профессор М.Б.Сабыр М.Ақмулла ат. БМПУ-дің башқұрт филологиясы факультетінде  «Қазақ тілі лексикалық қорының орта түркі лексикасымен сабақтастығы»  тақырыбында дәріс оқып, «Name in Science» номинациямен марапатталды.

Уфа қаласында «Халықаралық Еуразиялық гуманистік форум» аясында бірнеше конференциялар мен фестивальдар ұйымдастырылған екен. Орал қаласынан барған ғалымдар тобы Башқұрт мемлекеттік опера және балет театрында «Еуразия кеңістігіндегі орыс әдебиеті» атты әдеби-музыкалық кеште қонақта болып, 11 желтоқсанда «Күміс Ақбозат» атты этникалық және ұлттық киноның халықаралық фестивалының ашылуына қатысты.

98999

Тамыры бір, тарихы ортақ қазақ-башқұрт халықтары арасындағы достық байланыс бүгінді ғылым-білім саласындағы ынтымақтастыққа ұласқан. Уфа ежелден білім-ғылым, ағарту орталығы. Осындағы Ғалия медресінде Ғұмар Қараш, Бейімбет Майлин сияқты қазақтың зиялалары білім алып, тұлға болып қалыптасқан еді. Бүгінде осы үрдіс жалғасуда. Уфа қаласының іргелі оқу орындарында оқып, білім алып жатқан қазақ жастары көп.

Профессор М.Б.Сабыр БМПУ-нің басшылығымен кездесіп,  Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті мен М.Ақмулла ат. Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің арасындағы ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойысты. Келісімшарт аясында екі елдің, екі ЖОО-ның арасында академиялық ұтқырлық жалғасын таппақшы.

Мекен-жай
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 208
    reception@wkitu.kz