Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде Германияның Бонн университетінің Шығыстану және Азия зерттеулері институтының профессоры Нұрлан Кенжеахмет «Алтын Орда: тарихы, тағылымы және ерекшеліктері» атты ғылыми-әдістемелік семинар өткізді. Оған аталмыш университеттің басшлық құрамымен оқытушылар қатысты.
Семинарда алдымен БҚИТУ-дың ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Раушан Ғабдуалиева сонау Германиядан арнайы келген Нұрлан Кенжеахметке ризашылығын білдіріп, алғыс табыс етті.
Семинар барысында мәртебелі мейман әлемдік қауымдастықта да ортағасырлық тарихи оқиғалар мен жеке тұлғаларға, әсіресе Алтын ордаға деген үлкен қызығушылық баршылық екенін айтып, «Алтын Орда» атауын орыстардан аударып алғанымызды, шын мәнінде Алтын Орданың қазақша атауы – Тоқмақ деп аталатынын айтып өтті.
– Бұл мемлекет өзінің өмір сүрген кезінде Алтын Орда қазақ хандығының деп аталмағанынан бастайық. Мұндай атау мемлекеттің өзі өмір сүруді тоқтатқан кезде кейінірек оған бекітілген. Шыңғысхан мен оның мұрагерлерінің Ұлы Моңғол империясы Қытайдан Шығыс Еуропа мен Таяу Шығысқа дейін тарады. Оның ыдырауынан кейін Алтын Орда империяның бұрынғы құдіретінің мұрагері, оның ішінде оның әлемдік тарихтағы рөлінің мұрагері болды. Бұған сыртқы және ішкі жағдайлар ықпал етті. Шығыста моңғолдар қытайлықтарға айналып, Юань империясын құрған болатын, бірақ жүз жылдан кейін оларды сол жерден қуып шықты. Иранда олар ирандықтарға айналған, ал уақыт өте келе жергілікті түркі әулеттері олардан билікті тартып алды. Орта Азияда олардың орнын Әмір Темір мен оның ұрпақтары басып алған. Бұл аймақтарда шынғысшылар (Шыңғысханның ұрпақтары) басты рөлінен айрылды. Бірақ Жошы Ұлысы рөлінің күшеюі ішкі алғышарттарға да байланысты болған. Бұл жерде үлкен аумақ, көптеген бодандар, күшті әскер, дамыған экономика, өзіндік ұлы және ерекше мәдениет пен басқа да көптеген факторлар өз рөлін атқарды, – деді Нұрлан Кенжеахмет.
Семинар соңында барлық қатысушыларға Нұрлан Кенжеахмет сертификат табыстады.
Айта кетейік, Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында Нұрлан Кенжеахметтің «Алтын орда, Қазақ хандығы, Шаибанидтер әулеті, Осман империясы және XIV-XVI ғасырлардағы Моғолстан туралы» және «Сарыарқа және Алтын Орда: уақыт пен кеңістік» атты екі кітаптың тұсауы кесілген.



