Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті арттыру және заң үстемдігін нығайту бағытындағы бастамалар ерекше мәнге ие. Осы мақсатқа қолдау көрсетіп, өңірдегі құқықтық сананы дамытуға белсенді үлес қосқан Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің (БҚИТУ) 6В04202 – «Құқықтану» білім бағдарламасының студенттері Батыс Қазақстан облысының прокуроры Н. Ұласбекұлының атынан арнайы марапаттарға ие болды.

Студенттердің қоғамдық-құқықтық іс-шараларға қатысуы, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жобаларды ұйымдастыруы және әлеуметтік ортада заңға құрметті қалыптастырудағы белсенділігі ерекше атап өтілді. Атап айтқанда, Жарасқалиқызы Дильназ бен Шарипова Фарида құқықтық тәрбие беруге қосқан үлесі, жоғары азаматтық ұстанымы және бастамашылдығы үшін облыс прокурорының Алғыс хатымен марапатталды.

Бұл марапат – университетте жүргізілетін кәсіби-құқықтық даярлықтың сапасын, студенттердің теориялық білімді тәжірибелік қызметпен ұштастыра білетінін және құқықтық мәдениетті ілгерілетуге бағытталған жобаларға белсенді атсалысатынын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Сонымен қатар, аталған жетістік БҚИТУ-дың құқық саласы бойынша бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі болып табылады. Университет студенттері өңірлік деңгейдегі құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыс орнатып, бірлескен іс-шаралар мен құқықтық түсіндіру жұмыстарында белсенділік танытып келеді.

БҚИТУ ұжымы марапат иелерін шын жүректен құттықтай отырып, олардың болашақ кәсіби қызметінде, ғылыми-зерттеу жұмыстарында және қоғамдық бастамаларында табыс тілейді. Мұндай жетістіктер студенттердің ғана емес, университет қауымдастығының да абыройын арттырып, құқықтық мәдениетті дамыту ісіне жаңа серпін береді.

Мекен-жай
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 208
    reception@wkitu.kz