2025 жылғы 7 қараша күні Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Құқық» кафедрасымен Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің арасында жасалған ынтымақтастық туралы Меморандум аясында «6В04202 – Құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын ЮР-31О, ЮР-32О  және ЮР-33О топ студенттері үшін тәжірибеге бағдарланған сабақ ұйымдастырылды. Сабақ БҚО ПД-нің жедел-криминалистикалық басқармасы базасында өтті.

Іс-шараны Құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Т.Х.Рахметов Т.Х. және БҚО ПД жедел-криминалистикалық басқармасының аға криминалисті полиция майоры Б.А.Сарсекенов өткізді. Сабақ барысында студенттер «Криминалистикалық техника», «Трасология», «Одорология», «Криминалистикалық есептер» тақырыптары бойынша тәжірибеге бағдарланған білім алды.

Студенттерге дактилоскопиялық криминалистикалық есептердің қалыптастырылу тәртібі, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша күдіктілерді есепке қою рәсімі, оқиға болған жерді қарау, техникалық құралдарды пайдалана отырып іздерді бекіту мен алу, сонымен қатар автокөліктен ұрлық немесе тұрғын үйге заңсыз кіру кезінде аяқ киім мен саусақ іздерін алу үдерісі тәжірибе жүзінде көрсетілді. Сондай-ақ студенттерге иіс арқылы сәйкестендіру (одорологиялық) зертханасының жұмысы, оқиға орнынан иіс үлгілерін алу және күдіктілерден алынған иіс үлгілерін қызметтік иттерді пайдалану арқылы сәйкестендіру әдістері көрсетілді. Сабақ барысында БҚО ПД жедел-криминалистикалық басқармасының одорологиялық зертханасының қызметі туралы бейнефильм ұсынылды.

Аға криминалист Сарсекенов Болатбек Аскербекұлы студенттерге жылжымалы криминалистикалық зертхананың құрылымы мен техникалық жабдықталуын таныстырып, ауыр қылмыстар орын алған жерлерге шығу кезінде, оның тәжірибелік қолданылу мүмкіндіктерін көрсетіп, сабаққа қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап берді.

Сабақ соңында БҚО ПД жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы, полиция полковнигі Магзомова Айкүміс Төлеушқызы сөз сөйлеп, басқарманың құрылу тарихы мен қазіргі міндеттері туралы баяндап, студенттерге табысты оқу тілеп, тәжірибеден өтуге және оқуларын аяқтаған соң жұмысқа орналасуға шақырды.

Құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Т.Х. Рахметов БҚО полиция департаментінің басшылығына және қызметкерлеріне мазмұнды тәжірибеге бағдарланған сабақ ұйымдастырудағы қолдауы үшін алғыс білдіріп, қызметтерінде сәттілік тіледі.

 

Мекен-жай
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 208
    reception@wkitu.kz