Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті, Білім және менеджмент институтының “Қоғамдық пәндер және дене мәдениеті” мен “Педагогика және психология” кафедраларының қауымдастырылған профессорлары мен аға оқытушылары “6В01301 – Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі”, “6В01201- Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу” білім беру бағдарламаларының білім алушыларына арналған “Жаратылыстану негіздері және дүниетануды оқыту әдістемесі” атты авторлық ұжым дайындаған оқулық шығарып, университет кітапханасы тағы бір жаңа оқулықпен толықты.
Алматы қаласы, “Алгоритм” баспасынан шығарылған, жаңартылған бағдарлама негізінде жазылған оқулық білім алушылардың сұранысына ие болады деген сенімдеміз.
Оқулықтың авторлары – педагогика ғылымдарының кандидаты Набидоллина Шолпан Сагатовна, философия докторы (PhD) Мендигалиева Аягоз Сарсенбаевна, философия докторы (PhD) Бакесова Роза Маратовна, аға оқытушылар – Бегилов Талгат Заурович (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің докторанты), Мендигалиев Батырбек Сарсенбаевич (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің докторанты).
Оқулықта жаратылыстану негіздері мен дүниетануды оқыту әдістемесі толықтай берілген. Әр тақырыпта оқушылардың білімдерін тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар, тесттер ұсынылады. Оқулық – болашақ мұғалімдер үшін қажетті құрал.
Оқулықты жазуда авторлар бастауыш мектепте «Жаратылыстану» пәнін оқыту және меңгерту, қоршаған дүниенің күрделілігі мен көпқырлылығын, сондай-ақ табиғи құбылыстар мен үрдістердің өзара байланысын; жанды және жансыз табиғатта болып жатқан кейбір табиғи құбылыстар мен үрдістердің себептерін; жаратылыстану-ғылымдық білімнің адамның көптеген іс-әрекет түрлері үшін маңыздылығын; алуан түрлі практикалық және зерттеу әрекеттері арқылы алынған білімнің күнделікті өмірмен байланысын түсіндіруді мақсат етіп алған.
