2026 жылғы 3 қыркүйекте Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында Батыс Қазақстан облыстық сотының ұйымдастыруымен «Сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтудегі мемлекеттік органдардың рөлі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

            Маңызды басқосуға облыс соттарының төрағалары мен судьялары, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, адвокатура өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Конференция жұмысына Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялар университетінің ректоры Б. Шакешев және университет өкілдері де қатысты.

            Конференцияны Батыс Қазақстан облысының әкімі Н. Төреғалиев кіріспе сөзбен ашты. Басқосу барысында БҚО сотының төрағасы А. Ізбасаров, судья С. Китарова, БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы М. Камбетов, БҚО Адвокаттар алқасының адвокаты Н. Кенжебаева сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен сот процесіндегі өзекті мәселелер, заң үстемдігі мен әділеттілікті қамтамасыз ету бағытында пікірлерін ортаға салды.

            Ғылыми-практикалық конференцияны қорытындылаған Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы Досжан Сарманқұлұлы Әмір мемлекеттік тілдің сот төрелігі жүйесіндегі орны мен маңызына ерекше тоқталды. Ол мемлекеттік тілге заңнамада басымдық берілгенін, сондықтан қолданыстағы заң талаптарын мүлтіксіз орындау қажеттігін атап көрсетті. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің сот ісін жүргізуде кеңінен әрі сапалы қолданылуы тек құқықтық талап қана емес, әрбір судьяның кәсіби жауапкершілігі мен ар-ожданына байланысты мәселе екеніне назар аударды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты іс жүзінде көтеру үшін заң талаптарын күнделікті сот тәжірибесінде жүйелі әрі жауапкершілікпен орындаудың маңыздылығын атап өтті.

            Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялар университеті болашақ заңгерлердің мемлекеттік тілде кәсіби қызмет атқару құзыретін қалыптастыруды маңызды міндеттердің бірі деп санайды. Осындай кәсіби алаңдар ғылым, білім және құқықтық тәжірибенің сабақтастығын нығайтып, мемлекеттік тілдің құқық саласындағы мәртебесін арттыруға ықпал етеді.

            Мемлекеттік тілдің сот төрелігіндегі қолданысын кеңейту – заң үстемдігін нығайтып, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға бастайтын маңызды қадам.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz