Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белгілі зерттеуші, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы Сыдықназаровты қабылдап, «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVІ-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты ғалымның жаңа еңбегі туралы ой бөліскен болатын. Аталған еңбекте мемлекеттігіміз анық көрсетілген және орта ғасырлардан, яғни 1562 жылдан бастап 1879 жылға дейінгі кезеңді қамтыған 130 карта туралы мәлімет келтіріледі. Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымның еңбегіне жоғары баға беріп, еліміздің барлық өңірінде және халықаралық іс-шараларда арнайы көрмелер ұйымдастыру қажет екенін айтқан еді.
2024 жылдың 27-наурызында белгілі ғалымның Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіне іссапармен келуі күтілуде. Іссапар аясында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде жасақталған «Қазақ мемлекеттілігі тарихы» көне карталар кабинетінің ашылу салтанатына қатысып, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларға арналған ашық дәріс өткізу жоспарланған.
2024 жылдың 28-наурызында ғалымның қатысуымен «Атамекен» өнер ордасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ІІІ Ұлттық Құрылтайда берілген тапсырмалары аясында «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы – көне карталарда» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б.Х.Нарымбетовтың қатысуымен өтетін конференцияда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ғалымдары, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор С.Б.Құрманалин, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Ж.Т.Ерназаров, PhD доктор М.Д.Калменов өз баяндамаларымен қатысады.